Ауыл шаруашылығына бөлінетін жеңілдікті жанар майдың биылғы көлемі қандай?
Биыл шаруа қожалықтарына берілетін отын қажеттілігі - 21 мың тонна. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1500 тоннаға артық. Ауыл шаруашылығы министрілігі өтінімді мақұлдады. Бағасы өзгермеген, 1 тоннасы - 174 000 теңге. Мұнда жеткізуші операторлар қызметі есептелмеген.
- Жалпы көлемді бірнеше айларға бөлдік. Наурызда 3000 бөлінеді. Сәуір және мамыр айларына 3 есе көп. Себебі ол кезде қызу жұмыстар басталады, - деді Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Есентай Мұрсалимов.
Бүгінде жеткізумен айналысатын компанияны анықтауға байқау басталды. 5 күн бойы әлеуетті қатысушылардан өтінімдер қабылданып, алғаш рет ZOOM форматында жеңімпаздар бекітіледі. Сондай-ақ биыл оларға қойылатын талаптар да өзгерген.
- Басты шарттың бірі - қойманың болуы. Одан бөлек салықтық және қаржылай берешектерінің жоқтығы. Дәл осындай мәселеге былтыр тап болғандықтан, биыл бірқатар талаптарды енгіздік, - деді Есентай Мұрсалимов.
Байқау туралы толық ақпарат ауыл шаруашылығы басқармасының сайтында көрсетілген. Ал наурыз айының басында онлайн форматта оператор анықталмақ.

