Павлодар ауданында көктемгі дала жұмыстары аяқталды

Ауданымызда суарылатын жер көлемі – 14,5 мың гектар. Ауданда картоп – 4 мың гектарға, сәбіз – 3,75 мың гектарға егілген. Бір айдан кейін алғашқы өнімдер де күтілуде. 

 

- Ерте өсіп шығатын көкөністер, картоп бізде сәуір айының соңында отырғызылған еді. Олар шілде айының басында қолжетімді болады деп жоспарлап отырмыз. Шаруа қожалықтарындағы мұздатқыш орындары бар түгел қоймаларда былтырғы өнімдер сатылды, - деді Павлодар ауданы әкімінің орынбасары Ернұр Жәутікбаев.  

 

Айту керек, ауданда құлпынай өсіріп көрген шаруа қожалығы өз ісін биыл да жалғастырып, өнім ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде қолжетімді болады.

 

- Ол құлпынай көлемін арттыруды жөн көрді. Бағдарлама бойынша қосымша қаражатқа қол жеткізді. Сұранысқа ие жидек 1 гектар аумаққа отырғызылған, - деді Ернұр Жәутікбаев.    

 

Жалпы Павлодар ауданында 2021 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімі 5 миллрд 974 миллион теңгені құрады. Жыл соңында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 42 миллиард теңгеге жекізу көзделген.