Павлодар облыстық мәслихатының депутаттары құрылыс нысандарына қатысты ойларын білдірді
Естеріңізге сала кетейік, көктемде салынып жатқан оқу ордасының жұмыскерлеріне жалақы төленбей, олар депутаттардың көмегіне жүгінген еді. Жиын барысында мәслихат мүшелері абаттандыру жұмыстарын шілде айында бастау керек екендігін алға тартты.
- Олар кранды тұрғызып қойып, жұмыс іште жүріп жатыр деп жай айта беруі де мүмкін. Техниканы алып тастап, сыртқы келбетін ретке келтіруге кірісу керек. Алдағы жаз айлары жаңбырлы болса, құрылыс уақыты азаяды. Сондықтан, қала әкіміне, бұл мәселеге ерекше назар салуын сұраймыз. Ертең қиналып тұрып мектепті білім күні қолданысқа беріп, абаттандыру жұмыстарын үлгермей қалмайық, - деді облыстық мәслихат депутаты Александр Терентьев.
Сонымен қатар депутаттар алдында өңіріміздегі тас жолдар құрылысы бойынша есеп берілді. Биыл жергілікті маңызы бар және елді мекен көшелеріндегі жолдардағы күределі және орташа жөндеу бойынша 103 жоба жүзеге аспақ. Бұл ретте, халық қалаулылары трассаларды қалпына келтіру және қызмет көрсету бойынша конкурста тәжірибесі жоқ ұйымдардың жеңіске жетуін сынға алды.
- Облыстық бюджет есебінен аудандық маңызы бар және елді мекен көшелеріндегі жолдардағы күрделі және орташа жөндеу бойынша 19 жоба жүзеге аспақ. Жалпы қашықтық 47 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда 7 нысан бойыншы жұмыс аяқталған, - деді Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Зенов.
- Қыста республикалық деңгейдегі Павлодар-Ертіс-Русская Поляна және Павлодар-Нұр-Сұлтан трассалары бірнеше апта бойы жабық болып тұрады. Бұл тас жолда қызмет көрсету мен құрылыс конкурсында мүлдем дайын емес, техника мен білімі жоқ компаниялардың жеңіске жетіп жатқандығының айқын белгісі. Конкурс тәртібін қайта қарастыру керек деп ойлаймын, - деді депутаттар.
Бұдан бөлек, облыстық мәслихаттың арнайы комиссиясы жылыту маусымында тұрғындарға ыстық судың берілуі мәселесін де ретке келтіруді сұрады.

