Павлодарда «Шығыс айналма жолы» жобасы таныстырылды
Шығыс айналма жолының ашылуы облыс орталығы арқылы өтіп жатқан негізгі транзиттік лекті азайтуға зор ықпалын тигізбек. Бұл уақыт үнемдеуден өзге қала ішіндегі жол сапасын сақтауға да пайдалы. Яғни, жиі жөндеулерден, экологиялық жүктемеден сәл де болсын арыламыз дейді мамандар. Сарапшылар жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеген кезде 4 нұсқаны қарастырған. Нәтижесінде 33 шақырымдық жолды таңдады. Жобаның жалпы құны - 22 миллиард тенгені құрайды.
- Біз саяжайлар арқылы өтпекпіз. Бүгінде бағалау жұмыстарымен Павлодар қаласының жер қатынастары бөлімі айналысуда. Саяжайлар бағасы шамамен 180 мыңнан 2,5 миллион теңгеге дейін. Бұл құрлыс нысандарымен отырғызылған желектерге тікелей байланысты. Барлығы 243 саяжай. Оның 61-іне республикалық бюджеттен 23 миллион 699900 теңгеге өтінім жіберілді, - деді «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Ақылбек Қабылдин.
Жер мәселесі бойынша жұмыстар өз жалғасын табуда. Жиында тағы бір маңызды нысанның сұлбасы таныстырылды. Бұл Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа төрт жолақты көпір. Бастапқыда қайта жөндеу жасалмақ болыпты, кейіннен жаңа жоба әзірленген. Айта кетейін, қазіргі ескі көпірдің жағдай көңіл көншітпейді.
- Осыдан 5 жыл бұрын сарапшылар көпір үстіндегі қозғалысқа 10 тоннаға дейін шектеу қойған. Қазіргі таңда көпірмен тек жеңіл көліктер және жолаушылар көлігі қатынауда, - деді Ақылбек Қабылдин.
Көліктер жаңа көпір салғанғанша ескісімен қатынайды. Құрылысқа 38 миллиард теңге жұмсалмақ. Салу мерзімі - шамамен 3,5-4 жыл. Кейін ескі көпірді алып тастайды. Оған 1,5 жыл уақыт кетпек. Ал кесілетін әр ағаштың орнына бесеуін отырғызу көзделіп отыр.

