Бейжіңнен Павлодарға: қытайлық әйел мотоциклмен саяхаттауда

 

Қытайлық саяхатшы әйел Бейжің қаласынан мотоциклмен шығып, Тибет пен Шыңжаңда болып, Қытайдың солтүстік аймақтарын басып өтіп, кейін Қазақстан қалаларына ат басын тіреген деп хабарлайды irbistv.kz. Осы күні Ли Юэ есімді мейман Павлодарға келіп, өз үйіне бара жатыр.

 

32 жастағы Ли Юэ кәсіби мотоциклші емес. Ол Қытайдағы танымал әлеуметтік желілердің бірінде маркетинг саласында жұмыс істеп, бір жыл бұрын жұмысынан айырылған соң, уақытын демалыс пен саяхатқа арнауды шешкен. Наурызда өзі тұратын Бейжің қаласынан жолға шығып, бірнеше ай ішінде Азияның бірқатар өңірін аралап үлгерді. Ол Тибет пен Шыңжаңда болып, Қытайдың солтүстік аймақтарын басып өтіп, қазақ еліне де жеткен.

 

-Қазақстанға алғаш келіп, бұл жақтың халқы өте қонақжай, тартымды екендігіне көзім жетті. Алматы, Астана қалаларында болдым, ол кезде күн ыстық болды. Өте әдемі. Ал қазір Павлодарға келдім, бұл жақтың ауа райы мен тұратын қалаға ұқсайды екен. Өзіме жайлы, қала ұнап жатыр. Әрі қарай Семей қаласына, Зайсан жаққа жолға шығып, үйге ораламын, - дейді Ли Юэ.

 

Жалғыз саяхаттау Ли үшін қорқынышты емес дейді. Ол үнемі анасымен байланыста болып, жолдағы жағдайын айтып отырады екен. Анасы қызының шешімін түсініп, сапарын қолдаған.

 

-Саяхаттау көпшілік ойлағандай қымбат дүние емес. Маған ол үшін көп қаражат керек деген қате пікір. Көше тамағын алып, арзан хостелдерді паналап, осылай жолға шығып кетіп, әлемді шарлауға әбден болады. Біз сапарға дайындалғанша, жұмыстан уақыт тапқанша, өмір өтіп кетеді. Саяхатқа шығу сіз ойлағаннан гөрі, әлдеқайда жеңіл, - дейді ол.

 

Қытайлық арудың айтуынша, жұмыста көп уақыт өткізетін адамдарға кейде күнделікті қалыптан шығып, жаңа жерлерді көру маңызды. Ол үшін бұл жай ғана мотоциклмен жасалған сапар емес, әлемді жаңа қырынан тануға мүмкіндік берген ерекше тәжірибе.