Павлодарда 130 елдің ақша белгілері бір коллекцияға жинақталған
Павлодар география үйінде әлемнің 130-ға жуық мемлекетінің банкноттары мен монеталары сақтаулы деп хабарлайды irbistv.kz. Ерекше коллекция арқылы елдердің тарихын олардың ақша белгілері арқылы тануға болады.
Бір қарағанда, банкнота — күнделікті өмірде қолданылатын қарапайым төлем құралы. Ал коллекционерлер үшін әр ақша белгісі белгілі бір елдің тарихынан сыр шертетін құнды жәдігер. Павлодар география үйінің коллекциясында әр дәуірге, түрлі номинал мен шығарылған жылдарға тиесілі банкноттар мен монеталар жинақталған.
-Ақша белгілері, яғни бондар мен монеталар арқылы әлемнің 130-ға жуық мемлекеті ұсынылған. Біз географиялық ұйым болғандықтан, ақшаның көмегімен әлемнің барлық елдерін таныстыруды мақсат етеміз. Кейбір валюталар тарих қойнауына кетіп жатыр, бәрі өзгеруде. Ал кейбір ақша белгілері сақталып қалады, — дейді Павлодар география үйінің директоры Александр Вервекин.
Әр банкнотаның өз тарихы бар. Кейбір мемлекеттерде билеушілер мен мемлекеттік құрылым өзгерсе, енді бірінде жаңа мемлекеттік рәміздер пайда болған. Ал кей елдердің валюталары уақыт өте келе толықтай қолданыстан шыққан. Сондықтан коллекция елдердің тарихымен қатар, ақша белгілерінің де уақыт өте қалай өзгергенін бақылауға мүмкіндік береді.
-Әр номиналдан, әр шығарылған жылдан кемінде екі данадан жинаймыз. Осылайша әр мемлекеттің ақша белгілеріндегі өзгерістерді, метаморфозаны бақылауға болады. Бұл қай құрлықта орналасқанына қарамастан, барлық мемлекеттерге қатысты, — дейді коллекция жетекшісі.
Бүгінде Павлодардағы бұл ерекше жинақ энтузиастардың арқасында толығып келеді. Ал оның түпкі мақсаты — әлемнің барлық елдерінің ақша белгілерін жинап, оларды келешек ұрпаққа жеткізу. Өйткені кейде тұтас бір мемлекеттің тарихын түсіну үшін оқулықты парақтаудың қажеті жоқ. Бір банкнотаның өзінде сол елдің өткені мен бүгінінен сыр шертетін талай дерек бар.
