Павлодарда Семей ядролық полигонына арналған көрме ашылды
Павлодар облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналған көрме таныстырылды деп хабарлайды irbistv.kz.
Экспозицияда тарихи құжаттар, фотосуреттер, кітаптар, мұрағат материалдары мен музей жәдігерлері көпшілік назарына ұсынылды.
Семей ядролық полигоны 1949 жылдан 1989 жылға дейін жұмыс істеп, осы кезеңде жүздеген ядролық сынақ жүргізілді. Оның зардабы қоршаған ортаға ғана емес, мыңдаған адамның тағдырына әсер етті.
Көрме – сол бір қасіретті кезеңді еске түсіріп, ядролық сынақтардың адамзат пен табиғатқа тигізген ауыр зардабын ұғынуға мүмкіндік береді. Әрбір құжат пен фотосурет тұтас бір өңірдің өмірінде өшпес із қалдырған тарихи оқиғалардан сыр шертеді.
Көрмеде сөз алған ақын Ғабит Сапаров Семей полигоны тақырыбын алғаш рет 1988 жылы, Мәшһүр Жүсіптің 130 жылдығына арналған айтыстақозғағанын еске алды.
«1988 жылы желтоқсан айында Мәшһүр Жүсіптің 130 жылдығына орай айтыс өткізілді. Сонда мен алғаш рет осы полигон тақырыбын қозғадым. Невада штатында бар, бізде неге жоқ? Антиядролық қозғалыс бізде неге құрылмайды деп. Өлеңмен айтылады ғой енді айтыста», – деді ақын.
1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигоны ресми түрде жабылды. Бұл тарихи шешім тәуелсіз Қазақстанның бейбітшілік пен ядролық қарусыздану жолындағы ұстанымын айқындаған маңызды оқиғаға айналды. Бүгінде Семей полигонының тарихы – өткеннің ғана емес, келешек ұрпаққа бейбітшіліктің қадірін түсіндіретін тағылымның бір бөлігі. Павлодардағы көрме осы тарихи сабақтың маңызын тағы бір мәрте еске салды.
Авторы: Бибінұр Хамитқызы
