Павлодарда Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай ескерткіш тас орнатылды
Мемориалдық іс-шараға байланысты Павлодар облысы бойынша әскери сынақтардың басы-қасында болған сарбаздар бас қосты деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
17-18 жастағы өрімдей жас жігіттер өздерінің өмірін қатерге тігіп отырғандарын білмеген. 1949 жылдан 1991 жылға дейін Семей ядролық полигон алаңында 450-ден астам сынақ өткен. Осы уақыт аралығында өзінің Отан алдындағы борышын өтеуге барғандардың арасында Теміртай Арынұлы да бар.
- Бұл өте керемет шара, бұл өте керек жасөспірімдерге аса керек. Мен өзім 40 жылдан астам мектепте әскери-патриоттық тәрбие беріп келемін. Сондықтан бұл ескерткіш тас оларға үлгі болады деп санаймын,-деді Семей ядролық полигонының ардагері Теміртай Тайкебаев.
Қазіргі таңда Павлодар облысы бойынша әскери сынақтардың басы-қасында болған барлық сарбаздардың басын қосқан бірлестік бар. Бірнеше жыл бойы құпия сақталып келген ақпараттар ашылып ардагерлер 2020 жылдан бері бірқатар жұмыстарды атқардық дейді.
- Колледж бар, университет бар, мектепте өзіміздің белсенді тобымыз бар, сол Семей полигоны қалай болғанын, нақты айтып береді. Бұрын бәрі бізге жаттығу жиыны деп келді. Қазір ол ядролық соғыс, Ұлы Отан соғысына теңесті. Мүгедектеріміз де Ұлы Отан Соғысы ардагерлеріне теңесті,-деп жеткізді ерекше тәуекел бөлімшелері мен ардагерлерінің қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары Қаратай Сәдуақасов.
Семей ядролық сынақ полигоны ардагерлері мен бейбіт тұрғындарға арналған ескерткіш тас бұл нағыз қасіреттің көзін көргендердің рухын еске алып тағзым ететін орын болмақ. Ал қазіргі бейбіт заманда оларды ұмытпас үшін барын салып жүргендер облыс және қала әкімі атынан алғыс хаттар алып, ерекше құрметке бөленді. Жиналғандардың тілегі бір – мұндай зұлмат соғыс енді болмасын.
