Ж.Аймауытов атындағы театры 37-ші маусым шымылдығын ашты

Маусымашарды Сәкен Сыбанбайдың «Балам қашан келесің?» қойылымымен бастамақ. Сонымен қатар біздің қалада республикалық театрлар фестивалі өтпек деп хабарлайды irbistv.kz.

 

37 театр маусымының ашылуында ұсынылатын «Балам, қашан келесің?» драмасы адам өміріндегі жалғыздық, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, кешірім мен күту тақырыптарын арқау етпек. Актерлер тынығып, жаңа идеялармен қаруланып, сахнаға қайта оралды. Енді көрерменге жаңа премьералар, тың қойылымдар мен жарқын эмоциялар сыйлайтын сәт жақын.

 

-Маусымның кезекті премьералары жүріп жатқан ағымдағы қойылымдармен солай жалғаса бермек. Қазір дайындық үстінде Карло Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» деген пьесасын дайындап жатырмыз. Оған бел шешіп кірісіп кеттік десек болады. Қазір соның репетициясы жүріп жатыр, - деп хабарлайды Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының актері Руслан Нығманов.

 

Театр ұжымы павлодарлықтарды тағы бір жаңалықпен қуантпақ. 25-30 қыркүйек аралығында «Ертіс-Баян» ІІ республикалық театрлар фестивалі өтеді. Павлодарлықтар еліміздің бірқатар театр ұжымының үздік деп танылған қойылымдарын тамашалайды. Фестиваль 9 номинация бойынша бағаланбақ.

 

-Біздің болайын деп жатқан фестивальға еліміздің үлкен театрлары келіп жатыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Ақтаудан, Алматыдан, Астанадан, барлық көрермендерді сол болатын фестивальге шақырамыз,- деді актер Руслан Нығманов.

 

5 күн бойы Ертіс-Баян тұрғындары алуан түрлі жанрдағы ұлттық және шет ел классиктерінің қойылымдарын тамашалайды. Республикалық фестиваль жергілікті Чехов театры ұжымының «Дядя Ваня»спектаклімен ашылады. Одан соң Алматының Асанәлі Әшімов театры, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан облысы, Ақтөбе, Қарағанды және Ұлытау облыстық театр актерлері өздерінің үздік шығармаларын ұсынады.