«Ертіс орманы» резерватынан бақаның ерекше түрі анықталды

«Ертіс орманы» резерватының Тайбағар орманшылығын бақылау кезінде сүйіртұмсық бақа табылды. Ерекшелігі — қосмекенді орман ішінде, ең жақын су айдындарынан бірнеше шақырым қашықтықта анықталған деп хабарлайды irbistv.kz.

 

Сыртқы белгілеріне қарап, мамандар бақаның бұл түрін сүйіртұмсық бақа (Rana arvalis) деп анықтады. Түрге тән белгілеріне тұмсығының пішіні, көз тұсындағы қара жолақ, үстіңгі ерін бойындағы ашық жолақ, арқасының екі қапталындағы қатпарлар және арқасындағы өрнек жатады.

 

-Бұған дейін тарихи деректерге сәйкес, бұл популяция Шалдай ауылының аумағында тіркелген. Ол жерде тұщы суы бар жасанды су айдыны болған. Кейін бұл популяция жоғалып кеткен. Өткен жылы әріптестеріміз орман ішінен бір дарақты анықтады. Айта кету керек, бұл түрдің популяциясы үнемі қоныс аударады», — деді «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Арман Жүнісов.

Бұл жолғы олжаның ерекшелігі — бақаның тікелей орман алқабынан табылуы. Ең жақын су айдындары шамамен 3–4 шақырым жерде орналасқан. Оның үстіне, аумақтың осы бөлігіндегі көлдердің суы ащы-тұзды.

 

Сүйіртұмсық бақа негізінен таяз, тұрып қалған әрі жақсы жылынатын су айдындарында көбейеді. Көбею кезеңінен кейін ересек дарақтар құрлықта тіршілік етуге көшеді.

Түрдің нақты тиесілігін анықтау үшін мамандар бақаның артқы аяқтарының белгілерін, соның ішінде ішкі өкше төмпешігінің ерекшеліктерін қосымша зерттеуді жоспарлап отыр.

Мамандардың айтуынша, бір қарағанда қарапайым көрінетін мұндай олжаның өзі табиғат туралы маңызды ақпарат бере алады. Осындай бақылаулар қосмекенділердің қай аумақта мекендейтінін және орман алқаптары арасында қалай қозғалатынын жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.

 

Фото: ertisormany_2003