28 маусым – байланыс және бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күні
Бүгін салтанатты жиынға бұқаралық ақпарат саласында тынбай еңбек етіп, халықты күнделікті жаңалықтармен хабардар етіп отырған білікті мамандар жиналды. Оларды аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов төл мерекемен құттықтап, алғысын білдірді.
- Осындай қажетті, әрі маңызды сала қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі, табандылығы мен өз ісіне деген адалдығы ең жоғары құрметке лайық деп сенемін. Сіздерге адал және берекелі еңбектеріңіз, бірлесіп атқарып жүрген жұмыстарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін, - деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Төл мерекеде телекомпаниямыздың бас редакторы Тимофей Голев ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал бағдарламалар режиссері Кристина Луфт аймақ басшысының Құрмет грамотасын алды. Сонымен қатар жаңалықтар жүргізушісі Владимир Чубенко мен қазақ жаңалықтарының шығарушы редакторы Роза Жомартқызы облыс әкімінің грантына ие болды.
- Өзімнің жақындарыма, туысқандарымның осындай жетістікке жетуге қолдау бергені үшін алғыс айтамын. Сол кісілердің еңбегі, қолдауы деп білемін. Сонымен қатар қол астымдағы жігіттер мен қыздардың жұмысының нәтижесі. Бұл жалғыз мен емес, барлық команданың, ұжамның, бүкіл телекомпанияның жемісі, жетістігі деп білемін, - дейді «Ирбис» телекомпаниясы қазақ жаңалықтарының шығарушы редакторы Роза Жомартқызы.
Бұдан бөлек, мерекелік шара жастар бастамаларын дамыту орталығында да жалғасып, телекомпания операторы Серік Қонақбаев облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Ал дизайнер Данил Вервекин мен жарнама бөлімінің басшысы Елена Савинцева алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, орыс тіліндегі жаңалықтардың шығарушы редакторы Ольга Шкрет Қазақстан Республикасы журналистер одағының алғыс хатын алды.

