Ақсу қаласының тұрғындары да жаппай сенбілікке шықты

Ақсу тұрғыны Ахмеджан Ибрагимов өз отбасы атынан жергілікті тұрғындарға ағаш сыйлауды шешкен. Ол үшін Шымкенттен арнайы 200 көшет алдыртыпты. Оларды қаланың орталық саябақтарының біріне көпшілікпен бірге отырғызды. 

 

- Адамдар байыса, ақшасы болса мешіт салады, жол салады, аурухана салады дейді. Соның сауабы тиіп тұрады деп естігеніміз бар. Бізде ондай ақша болмаса да, ниетіміз бір. Көшеттер алып салайық осы жерге деген. Барлық адамдарға тиісі бар. Ертең салқында отырады, - деді Ақсу қаласының тұрғыны Ахмеджан Ибрагимов. 

 

200 көшеттің ішінде 100 данасы сүмбіл терек болса, 25 алмұрт, 25 түрлі сорттағы алма тіпті 25 айва ағашы бар. Ахмеджан Ибрагимовтың айтуынша енді коммуналшылардың көмегімен жаз бойы оларды бірге күтіп баптайды.  Бүгін жастармен қатар қаланың құрметті азаматтары да қолдарына күрек алып, көшеге шықты.

 

- Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»  деп айтқандай еңбек арқылы ғана біз қазіргі жастарға үлгі көрсете аламыз. Сондықтан істерің берекелі болсын, мына ағаштарың тезірек өсіп, келесі жастарға үлгі болатындай болсын! Іске сәт ағайын, - деді Ақсу қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Залмұқан Арынов. 

 

Ақсу қаласындағы игі іске шаһар басшысы Нұржан Әшімбетов те ат салысты.  Үрдіске айналған жалпықалалық сенбілікке барлығы 3 мыңға жуық адам қатысып, шамамен 1200 көшет отырғызылды.  Тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.