Бірінші болып КВИ-ге қарсы екпе салдырғандардың жағдайы қандай?
Әділжан Әлбазаров ауыр операция үстінде. Әйел адамның жүрегінде аорта тамыры мен клапанын ауыстыруда. Дәрігер ақпанның 1-і өзі тіркелген емханаға барып «Спутник V” вакцинасын салдырған. Екі күн ғана өтсе де, өзін тамаша сезінеді. Жұмысқа қабілеттігім де жоғары дейді.
- Алғашқы күні басқа екпелерден кейін де болатын әлсіздік туындады. Дегенмен де бұл менің жұмысқа қабілетімді төмендеткен жоқ. Дене қызуым көтерілмеді. Өзім бұған дейін коронавируспен ауырсам да, денсаулығымда еш өзгерісті байқамадым. Көріп тұрғандарыңыздай бүгін операцияға қатысып жатырмын, - деді Павлодар кардиологиялық орталығының директоры Әділжан Әлбазаров.
Әділжан Әлбазаров енді вакцинаның екінші кезеңін салуға дайын. Тіпті отбасым да толығымен екпе алады дейді. Айта кету керек қазіргі таңда кардиологиялық орталықтың 10 қызметкеріне вакцина салынған. Әлі отыз шақты медикті қамту жоспары бар. Бірінші кезекте қабылдау бөліміндегі, интенсивтік терапия мен инфекциялық госпитальға жұмылдырылған ақ халаттылар алады. Себебі бұл емдеу мекемесінде де жүрек кемшіндігі бар және КВИ індетін жұқтырған науқастарға арналған госпиталь орналасқан.

