Екібастұздан 150 жас әскер қатарына шақырылады

Екібастұзда күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасып жатыр. Биыл кеншілер қаласынан 150 жас Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады деп хабарлайды irbistv.kz. Сарбаздар шекара қызметіне, Ұлттық ұланға, Қорғаныс министрлігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне және Мемлекеттік күзет қызметіне бөлінеді.

Бүгінде 160-тан астам екібастұздық медициналық тексеруден өткен. Әскери қызметке жарамды деп танылғандардың бір бөлігі әскери бөлімдерге жіберілді. Олардың арасында 19 жас шекарашылар қатарын толықтырған.

Әскери қызметке бөлу кезінде шақырылушылардың денсаулығы мен дене дайындығы ескеріледі. Мәселен, бойы 180 сантиметрден асатын жастар элиталық бөлімдерге іріктелуге мүмкіндік алады.

-Жастарға айтарым – Отан алдындағы борыштарыңызды өтеуден ешқашан қорықпаңыздар. Қазіргі заманда әскерде сіздер үшін барлық жағдай жасалған. Медицина, киім-кешек және басқа да қажеттіліктер қамтамасыз етіледі. Өзім «Айбын» президенттік полкінде қызмет еткенімді мақтанышпен айта аламын», – дейді Дархан Құрманшаров.

Әскерге шақырылушы денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылуы мүмкін. Сонымен қатар жоғары оқу орнында немесе колледжде білім алып жүрген жастарға оқу кезеңіне кейінге қалдыру беріледі. Отбасылық жағдайы ауыр азаматтарға да осындай мүмкіндік қарастырылған. Мысалы, отбасының жалғыз асыраушысы немесе асырауында балалары бар азаматтар әскерге шақырылудан уақытша босатылады. Заңда кейбір азаматтарды әскери қызметтен босату да қарастырылған. Олардың қатарында жас дәрігерлер мен өз мамандығы бойынша жұмыс істейтін мұғалімдер бар. Ал әскери қызметін өтеген жастар үшін бірқатар әлеуметтік жеңілдік қарастырылған.

 

-Әскери қызмет кезінде азаматтарға несие төлемдерін 14 айға дейін кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі. Оның 12 айы әскери қызмет кезеңіне, тағы 2 айы қызмет аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасып, төлемдерді қайта бастауға қажетті уақытқа есептеледі.

Сондай-ақ сарбаздар «Срочник 2.0» бағдарламасы арқылы жоғары білім алуға өтініш бере алады. Бағдарлама аясында ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуге немесе грантқа үміткер болуға мүмкіндік бар. Грантқа іріктеу кезінде әскери қызметтегі көрсеткіштері мен мінездемесі ескеріледі, - дейді Екібастұз қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімінің қызметкері Есболат Турабай.

Күзгі әскерге шақыру науқаны қыркүйек айынан желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Әскери комиссариаттың шақыртуына дәлелді себепсіз келмеген азаматқа 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. 2025 жылғы көрсеткіш бойынша бұл 21 625 теңге.