Панасыздарға арналған бейімдеу орталығы көмекке келуге дайын
Қайта әлеуметтендіру орталығы 220 адамға есептелген. Қазір мұнда түрлі өмірлік жағдайларға тап болған 100 адам мекендеуде. Оларға медициналық, әлеуметтік, құқықтықтан бөлек жұмыспен қамтуда да көмек көрсетіледі. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша мекендеушілердің біліктіліктері төмен болғандықтан көбіне қара жұмысқа тартылады. Сонымен қатар мұнда төлқұжаттары жоқтарға да қолұшын созады.
- Осы жылдың ішінде біз 40 адамға төлқұжаттарын істеуге көмектестік. Әлі де істейтін жұмыстар өте көп. Ең қиыны бұрынғы КСРО қызыл паспортын жоғалтқан адамдарға өте қиын. Олар Өскемен қаласына анықтама алуға баруы керек. Оның құны 70 000 теңге. Ондайға жағдайлары жоқ. Туыстары көмектеспейді, - дейді Павлодар қаласы өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығы директорының орынбасары Гүлсан Жайықбаева.
Жыл басынан орталыққа мерзімін өтеген 41 адам келген. Қазір олардың 8-і әлі де тұрады. Солардың бірі - Анатолий Резонтов. Ол өмірінің 28 жылын темір тордың ар жағында өткізген. 10 ай бұрын бостандыққа шығып, орталыққа келген. Қазір басқа өмірге бейімделуде. Орталық мамандары барынша қолдау көрсетіп, тұрақты жұмысқа орналасуға да көмектескен.
- Жұмысқа орналасуға келгенде сотталғанымды біліп алғылары келмейді. Немесе жұмыс істеп жүріп бақылауда екенімді білген кезде шығарып жібереді. Осы үшін екі жұмыстан айырылдым. Бірақ қазір таптып, істеп жүрмін. Өзім ақша тауып, бұрынғыны еске алмауға тырысамын. Жаңа достарым бар. Тырысып жатырмын, - дейді Анатолий Резонтов.
Қайта әлеуметтендіру орталығын мекендеушілер мұнда бір жылға дейін тұра алады. Қыс жақындағанда келетіндер көп болады дейді қызметкерлер. Биыл олардың қолайлы жерде тұруы үшін 3-інші қабаттағы жатын бөлмелерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа жиһаз сатып алынған.

