• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодар облысында отындық ағаш 3 мың теңгеден сатылып жатыр

Павлодар облысында отындық ағаш 3 мың теңгеден сатылып жатыр

Павлодар облысында тұрғындар қысқа қажетті отындық ағашты қазірден бастап сатып ала алады. Бір текше метр ағаштың бағасы 3 мың теңгеден басталаы деп хабарлайды irbistv.kz. Биыл өңірде 39 мың текше метрге жуық ағаш дайындалған.

 

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мәліметінше, оның бір бөлігін тұрғындар қаңтар-ақпан айларында сатып алған. Ауылдық жерлерде ағаш негізінен пеш жағуға пайдаланылса, қала тұрғындары оны монша үшін алады. Бір отбасыға орта есеппен 5 текше метр ағаш қарастырылған.

Мамандар ағашты өз бетінше дайындауға болмайтынын ескертеді. Ол үшін міндетті түрде орман иеленушілерге жүгіну қажет.

 

- Алдымен тиеу жүргізіледі, содан кейін орманшы міндетті түрде таңба басады. Бұл таңбалар арқылы заңдылықты бақылау үшін қажет. Біз, инспекция, қадағалау органы болып табыламыз. Көлікті тоқтатып, рұқсат беретін құжаттардың бар-жоғын тексере аламыз. Бұл құжаттар міндетті түрде беріледі. Құжаттар болмаған жағдайда, бұл заңсыз ағаш кесу, яғни өз бетінше ағаш дайындау болып саналады», – дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі ОАИ бөлімінің бас маманы Альмира Жингулова.

 

Ағаштың бағасы оның қай жерде сатылатынына байланысты. Мәселен, «Ертіс орманында» бір текше метр ағаш 4 мың теңге, ал Баянауыл ұлттық паркінде 5300 теңге тұрады. Бұл жерлерде ағашты мекеме қызметкерлері дайындап, кейін тұрғындарға сатады.

 

Ал Павлодар, Максимо-Горький және Үрлітөбе мекемелерінде тұрғындар отынды өздері жинай алады. Алайда жұмыс орманшылардың қатысуымен жүргізілуі тиіс. Мұнда бір текше метр ағаштың бағасы 3 мың теңгені құрайды.

Мамандардың айтуынша, өңірде ағаш тапшылығы жоқ. Баянауылда, керісінше, ағаш қорының артығы бар.