Павлодар облысында жылыту маусымын бастау мерзімі ұсынылды
Павлодар облысындағы көпқабатты үйлерді 28 қыркүйектен бастап жылуға қосу ұсынылды. Ал әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлерге жылу беру 14 қыркүйектен басталмақ деп хабарлайды irbistv.kz.
Жылыту маусымына дайындық мәселесі облыс әкімдігінің аппараттық жиынында талқыланды. Мамандардың айтуынша, өңірдегі коммуналдық жөндеу жұмыстарының 90 пайыздан астамы аяқталған. Күн райы әзірге жылы болғанымен, Ертіс-Баян өңірінде жылыту маусымын үйреншікті кестеге сәйкес қыркүйек айында бастау жоспарланып отыр. Облыс әкімі Асайын Байханов жылу беру науқанын үш қалада бір уақытта бастаудың маңыздылығын атап өтті.
-Павлодар облысы жылыту маусымына дайын. Гидрометеорологиялық болжамды ескере отырып, әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлер үшін 14 қыркүйекте, көпқабатты үйлер үшін 28 қыркүйектен бастауды ұсынамыз», — деді Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов.
Биыл өңірде жылу желілерін алдын ала толтыру тәжірибесі жалғасады. Бұл тәсіл арқылы қыздырылған суды тұрғын үйлерге кезең-кезеңімен жеткізу көзделіп отыр. Яғни барлық жылу желісін бір мезетте толтыру қажеттілігі болмайды.
Сонымен қатар аудандардағы әлеуметтік нысандардың көмірмен қамтылуы да бақылауда болады. Жауапты мамандарға мектептер мен балабақшаларға жылуды мүмкіндігінше ертерек беру тапсырылды.
-Мектептер мен балабақшаларда жылытуды 20 қыркүйектен қалдырмай бастау керек. Қазір ғимараттардың барлығы суып кетеді. Көбісі — ескі ғимараттар, жылытылмаған, қапталмаған. Жылу беру ешкімге ауыртпалық түсірмейді, бұл шығындарды біз көтереміз», — деді облыс әкімі.
Синоптиктердің болжамынша, қыркүйектің 10-ынан кейін өңірде жаңбырлы күндер болуы мүмкін. Дегенмен ауа температурасы әзірге +20...+25 градус шамасында сақталады.
Ал негізгі суық қазан айының ортасына қарай келеді деп болжануда. Бұл кезеңде ауа температурасы -5 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Осыған байланысты жауапты ведомстволар жылу беру маусымын белгіленген мерзімде бастап, әлеуметтік нысандардың дайындығын ерекше бақылауда ұстауды жоспарлап отыр.
