Павлодар облысындағы эпидемиологиялық ахуал қандай?
Бүгін КВИ жұқтырған 51 адам тіркелген. Өткен бір аптада 405 адамнан індет анықталды. Соңғы тәуліктерде көрсеткіш жақсарып келе жатқаны байқалады. Еске сала кетсек, Павлодар облысы қазіргі таңда сары аймақта. Дегенмен де барлық орындарда санитарлық талаптардың сақталуы тиіс. Денсаулық сақтау Министрлігі жаңа ережелерді бекітті.
- КВИ жұқтырғандар мен онымен қатынаста болғандар оқшаулануға міндетті. Орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік күтіп тұр. Ол маусымның 10-нан күшіне енеді. Оқшаулану тәртібін бұзғандарды «ASHYQ» қосымшасы арқылы тексереді. Бұл ретте қызыл статусы бар адам қоғамдық орындарда жүргені анықталса, 30 АЕК айппұл салынады, - деді Павлодар облысының бас санитарлық дәрігері Батырбек Әлиев.
Эпиджағдай тұрақталса, өңіріміз жасыл аймаққа өтуі мүмкін. Бұл ретте денсаулық сақтау басқармасының басшысы коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін өңірімізде 88 631 адам алғанын жеткізді. КВИ жұқтырғандар санының азаюына оның да септігі бар дейді.
- Бұған дейін жансақтау бөлімінде жатқанда саны 30-дан асқан еді. Қазіргі таңда ауыр жағдайдағылар азайды. Қызыл аймаққа түскен кезде олардың саны сәйкесінше көбейеді. Негізі балалар симптомсыз таратушылар ғой. Қазір олар демалыста болғандықтан көрсеткіш азайды деп ойлаймын, - деді Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Ситқазинов.
Қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 575 адам ем қабылдауда. Өкпені жасанды желдету аппаратына 8 адам қосылған. Инфекциялық ауруханалардағы жүктеме 27, ал жан сақтау бөлімінде бұл 12,7 пайызды құрайды.

