Павлодарда 15 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр

Табысы төмен отбасылар үшін  Достық шағын ауданында 71 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Азаматттар онда сатып алу құқығынсыз ұзақ уақыт жалдап тұра алады. Бюджеттен құрылыс жұмыстарына 800 миллион теңгеден аса қаражат бөлінген.

 

- Биыл Достықта 7 тұрғын үйді тапсыру жоспарланып отыр. Олар 4, 16, 17, 23, 7. Соңғысы жағдайы төмен отбасылар үшін жалдамалы түрде беріледі. Ол қаржы бөлімі арқылы үйлестіріледі. Биыл тағы 6 үйдің іргетасы қаланады, - деді Павлодар қаласы құрылыс бөлімінің бас маманы Арман Асылханов.

 

- Павлодарда мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін пәтерлер кезегінде тұрғандардың саны 15 218 адам. Оның ішінде жетімдер – 2454, 648 көп балалы отбасы, халықтың осал тобына кіретін азаматтар саны – 6000-нан асады, - деді Павлодар қаласы әкімдігі баспасөз орталығының басшысы Салтанат Әкімбекова.

 

Ал Сарыарқа шағын ауданында 11 ғимараттың құрылысы қарқынды жалғасып келеді. 2 қабатты ескі үйлердің иелері биыл 28 және 26 нөмерлі баспаналарға қоныстанады. Толстой-Катаев қиылысындағы көпқабатты да осы жылы қолданысқа беріледі. Айта кетейік, 2020 жылы кезекте тұрған қалалықтар үшін 108 пәтер қарастырылды. Оның ішінде 27-сі жетімдерге, көп балалы отбасылар үшін – 27, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға  54 пәтердің кілті табысталған.