• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарда дәрігерлер 52 жастағы ер адамның аяғын ампутациядан сақтап қалды

Павлодарда дәрігерлер 52 жастағы ер адамның аяғын ампутациядан сақтап қалды

Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының дәрігерлері аяқтарына қан баруы күрт бұзылған 52 жастағы ер адамға күрделі операция жасап, аяқ-қолын сақтап қалды деп хабарлайды irbistv.kz. Науқастың артериялары толықтай бітеліп қалған. Мамандардың айтуынша, уақытында ем жүргізілмеген жағдайда бұл жағдай гангренаға, кейін аяқтың бір бөлігін ампутациялауға әкелуі мүмкін еді.

 

52 жастағы Владимир Ефимов біраз уақыт бұрын жүрген кезде аяқтарының ауыратынын байқаған. Алайда бастапқыда бұл белгіге аса мән бермеген. Уақыт өте келе ауырсыну күшейіп, аяқтарында ұю сезімі пайда болған.

-Ауруханаға келген кезде аяғым қатты ұйып, жағдайымнан қорқып кеттім. Дәрігерлер операция жасалмаса, жағдай асқынып, аяқта жаралар пайда болып, тіпті бақайлар мен аяқтың бір бөлігін ампутациялау қаупі бар екенін айтты, — дейді науқас Владимир Ефимов.

Владимир алдымен дәрігерге қаралып, ультрадыбыстық зерттеуден өткен. Қосымша тексерулер мен қажетті талдаулардан кейін ол шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған.

-Бізде бұл операция аорто-бифуркациялық шунттау деп аталады. Құрсақ қуысындағы ірі тамыр — құрсақ қолқасынан синтетикалық протез арқылы екі аяққа қан жеткіздік. Егер бұл операция жасалмаса, науқаста гангрена дамып, соңы ампутацияға әкелуі мүмкін еді, — дейді Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының қан тамырлары дәрігері Несіпжан Пірімбет

Күрделі операция шамамен 5-6 сағатқа созылған. Дәрігерлердің уақтылы қабылдаған шешімі нәтижесінде аяқтағы қан айналымын қалпына келтіруге мүмкіндік болған.Қазір Владимирдің жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Ол өздігінен жүріп, оңалту кезеңінен өтіп жатыр. Мамандардың мәліметінше, мұндай операция Павлодар облысында жылына шамамен 20-30 науқасқа жасалады. Операцияның құны 1 миллион теңгеден асады. Дегенмен медициналық сақтандыру жүйесі арқылы мұндай емді тегін алуға болады. Науқас толық сауығып кеткеннен кейін жұмысқа оралып, салауатты өмір салтын ұстануды жоспарлап отыр.

 

Бибінұр Хамитқызы