• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарда үйсіз қалған жануарларға арналған алғашқы ірі жеке пананың құрылысы басталды

Павлодарда үйсіз қалған жануарларға арналған алғашқы ірі жеке пананың құрылысы басталды

Мұнда шамамен 300 ит пен мысықты орналастыру жоспарланып отыр. Қазір құрылыс алаңында іргетас қалану жұмыстары жүргізілуде. Қажетті құрылыс материалдарын жинауға қала тұрғындары да белсенді түрде атсалысып жатыр, деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Құрылысқа қажетті қиыршықтас пен құмды жанашыр павлодарлықтар жеткізіп берген. Жақын күндері іргетас блоктарын әкелу жоспарланып отыр. Оларды да қала тұрғындары сыйға тартқан. Сонымен қатар қазір «Кірпіш» акциясы өтіп жатыр. Оған кез келген адам қатысып, болашақ пананың құрылысына өз үлесін қоса алады.

 

-Бүгін бізбен бірге әлеуметтік серіктестеріміз де бар. Олар «Кірпіш» акциясын бастауға көмектесті. Қазір пана құрылысына қажетті кірпіштерді жинап жатырмыз. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 2,5 мың кірпіш қажет. Қазір іргетас қалау жұмыстары басталды. Жақын арада іргетас блоктары жеткізіледі. Бұл да қала тұрғындарының керемет сыйы, – деді волонтер, жануарларға арналған қоғамдық қордың жетекшісі Александра Старина.

 

Болашақ панадан көшеде қалған жүздеген ит пен мысыққа орын табылады. Құрылысты осы қыс мезгілінде аяқтау жоспарланып отыр. Сондықтан жұмысты жеделдету қажет.

Қазір құрылыс алаңында іргетас қалануда. Алдағы бірнеше айда бұл жерде жануарларға арналған кең әрі жылы ғимарат бой көтеруі тиіс. Пананың құрылысына қала тұрғындары да өз үлесін қосып жатыр. Бірі құрылыс материалдарын жеткізсе, енді бірі қаржылай қолдау көрсетуде.