Павлодардағы көп қабатты үйлердің бірінде тұрмыстық техникалар күйіп кеткен
Назарбаев даңғылындағы 46/1-ші көпқабатты үйде демалыс күндері қысқа тұйықталу орын алды. Салдарынан 5-ші кіреберістің кейбір пәтерлерінде тұрмыстық техника және тіпті жарықшамдар жанып кеткен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша пәтерлердегі теледидарлар, тоңазытқыш, телефон және басқа да тұрмыстық техника бір сәтте жанып кетті. Құрылғылар кернеудің жоғары қуаттылығынан істен шықты.
- Назарбаев 46/1 мекенжайында үйдің ішіндегі электр желісінде ақау анықталып, кернеу қуаттылығының күрт артуы орын алды. Қазіргі кезде электр беру жүйесі қалпына келтірілді. Аталмыш мекенжайдан техниканың істен шығуына байланысты бізге 6 пәтер иесі жүгінді, - деді энергетикалық компанияның қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Олеся Емельянова.
Адамдар бір ауыздан энергетикалық компаниядан келтірілген шығынды қалпына келтіруді талап етуде. Бүгінде істен шыққан техникаларды алып кетіп, жөндеуге уәде берді. Бұдан бөлек, мамандар кернеу қуаттылығынан зардап шеккен басқа да пәтер тұрғындары өтініш қалдыра алатынын мәлімдеді.

