Павлодардың 5-сыныптары мектепке оралды
Аймағымыздағы эпиджағдай тұрақты. Өткен аптада коронавирус індетінің таралуы екі пайыздан аспаған. Бұл ретте оқу барысында өзгерістер қабылданды. Еліміздің бас санитарлық дәрігері кезекші топтарда жүрген оқушыларды біріктіру шешімін қабылдады.
- Бізде мектептерде сыныптардағы оқушылар санын ұлғайту бойынша өзгерістер бар. Егер бұрын 15 адамнан аспауы тиіс болса, қазір 1-ден 5 класқа дейінгі сыныптардағы бала саны 25-тен аспауы тиіс. Сонымен қатар балабақшалардағы кезекші топтарға бұрынғыдай 15 емес, 25 балаға дейін бара алады, - деді Павлодар облысының бас санитарлық дәрігері Батырбек Әлиев.
Ал Павлодар облысында бүгіннен кезекші сыныптарда, сонымен қатар қашықтықта оқыған 5 класстың оқушылары партаға барлығы бірге қайта отырды. Олар үзіліске шыққанда кабинет желдетіліп, сүртіліп, сонымен қатар асханаға барғанда әлеуметтік қашықтық сақталады.
- Балалар бүгін бір сынып болып жиналып жатқандарына өте қуанышты. Қазір үйде отырғандар дәстүрлі сабаққа көшті. Ал 9, 11 және 12 сыныптар аралас тәртіпте мектепке келіп жүр. Оларда кезекші сыныптар сақталады, - деді Павлодар қаласы №17-мектептің директоры Роза Досанова.
Аймағымыздың бас санитарлық дәрігері жақын күндері оқушылардың білім алу процесіне қатысты жаңа қаулы шығатынын айтты. Онда мектептердің жұмыс істеу реті толық жазылмақ.

