Павлодардың көпқабатты үйлеріне жылу беріле бастады
Қыркүйектің 28-інен бастап Павлодардағы тұрғын үй қорына жылу беріле бастады. Қазір гидравликалық жүйені реттеу шарасы жүргізіліп, бір аптаның ішінде барлық көпқабатты үйлерді жылумен қамту жоспарлануда деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі. Бұдан бөлек, Усолка ауданында жылу желілерін қайта қалпына келтіру шарасы аяқталды.
Павлодардың Усолька шағынауданындағы жылу желілері жаңартылуда. Биыл қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі мұнда орамішілік желілерді реконструкциялау жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында 1,7 шақырым жылумен қамту желісі және 3,3 шақырым ыстық сумен қамту желісі қайта жаңғыртылуда. Қазіргі уақытта жылу желілерін төсеу жұмыстары толық аяқталған.
-Усолка шағынауданындағы жылу желілерін реконструкциялау жұмыстарының негізгі кезеңі аяқталды. Жаңартылған желілер жылумен және ыстық сумен қамту жүйесінің сенімділігін арттыруға, жылу шығынын азайтуға және желілердің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, - деп мәлімдеді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Дариға Абишева.
Жаңа құбырлардың іске қосылуы шағынаудандағы жылу және ыстық сумен қамту жүйесінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған. Мамандардың айтуынша, реконструкция әсіресе жылыту кезеңінде желілердің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Қазір аумақтағы абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жол жабынын қалпына келтіру, аумақты ретке келтіру және басқа да жұмыстарды 10 қазанға дейін аяқтау жоспарланған.
Айтмұхамбет Айғожа
