Павлодарлық коммуналшылар күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті
Соңғы тәулікте қаладан қар шығару жұмыстарына 200-ге жуық арнайы техника бірлігі, оның ішінде 35 тиегіш, 70 жүк, 45 сыпырушы және 17 құм шашқыш жұмылдырылды.
- Сонымен қатар, мына аялдамалардағы жерлерді, жолдардың жиектерін, техника өте алмайтын жолдарды, жаяу жолдарды тазалауға 160-тан астам жұмыскер шықты. Өткен тәулікте жалпы 4500 тонна қар шығарылды. Қыс басталғалы полигонға осы уақытқа дейін 150 мың тоннаға жуық қар шығарылды, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Жансерік Қапзолла.
Алдағы мерекелік демалыстарға қарамастан, қаланың коммуналдық қызметтері жұмыстарын штаттық режимде жалғастырады. Қандай да бір мәселе пайда болған кезде 109 колл-орталығына хабарласуға болады. Олар тәулік бойы жұмыс істейді.

