Павлодарлық көп балалы ана әкімдіктен уақытша баспана талап етуде
Алмагүл Шугаипова - алты баланың анасы. Екі үлкен қызы 20-дан асса қалғандары кәмелетке толмаған. Қазір барлығы 34 шаршы метрде тұрып жатыр. Бір айлық табысымыз дәрі мен тамақтан, пәтер ақысынан артылмайды дейді.
- Мен анда-мында қаңғырып жүрген балаларымды жинағым келеді. Әрқайсысында өз бөлмесі болса деймін. Маған қала әкімінің орынбасары көмектесем деген, уақытша баспана уәде еткен. Алайда еш нәтиже жоқ, - деді көпбалалы ана Алмагүл Шугаипова.
Алмагүл Шугаипова кезекке тұрғаннан бері жыл сайын осы мәселемен жүгінеді. Ал Қаржы бөлімінде көпбалалы ананың баспана кезегінде барын растады. Дегенмен де тұрғын үй қатынастары заңы бойынша мемлекеттен пәтер алушылар үшін «уақытша» деген ұғым жоқ екенін жеткізді.
- Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 74-бабына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана олар өтініш қалдырған кезде құрылған тізімдегі кезек бойынша ғана беріледі, - деді Павлодар қаласы қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Нариман Бағдатов.
Сол себепті Алмагүл Шугаипованың өз кезегін тапжылмай күтуден басқа амалы жоқ. Жалпы қала бойынша қазіргі таңда 15 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Олардың ішіндегі пәтерге мұқтаж көпбалалы ана саны 750-ді құрайды.

