• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарлық әйел әкесінің қабірінің үстіне басқа біреу жерленген дейді

Павлодарлық әйел әкесінің қабірінің үстіне басқа біреу жерленген дейді

 

 

Павлодар тұрғыны Суворов зиратында жатқан әкесінің қабірінің жарты бөлігіне басқа адамның жерленгенін айтып, марқұмның денесін басқа жерге жерлеуін талап етіп отыр, деп хабарлайды irbistv.kz. Арызданушы бұл мәселені қажет болса, сотқа дейін жеткіземін дейді. Ал зиратқа қызмет көрсететін мердігер ұйым өкілі аталған жағдайға қатысты өз сөзін айтты.

 

Бұл Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Богужаның қабірі. Қызы Ольга Богужаның сөзінше марқұмның денесі осы өсіп тұрған қарағаштың тұсына дейін жерленген. Ал биыл қабірдің жартысында басқа зират пайда болды дейді.

 

-Жерлейтін басқа орындар жетіп жатыр ғой. Бар сұрарымыз, марқұмды қайта жерлесін. Біз бұған келісім берген жоқпыз. Олар бізге туыс емес, бөтен адамдар. Оған қоса Ұлы Отан соғысының ардагерлерін осылай мазалаудың қажеті қанша?, - деп шағымдануда Ольга Богужа.

 

Ольга Богужаның сөзінше, туыстары әкесінің қабірін осы жазда ғана абаттандырып, ретке келтірген. Бірақ, қабірдің бастапқы шекарасы сақталмағандықтан, олар тек қазіргі жағдайға қарай қоршау жасауға мәжбүр болған. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін біздің өтінішімізбен Суворов зиратына қызмет көрсететін мердігер ұйым өкілі де оқиға орнына келді. Оның айтуынша, жаңа жерлеуді басқа компания жүргізген. Бұдан бөлек, қабірдің зираттағы есебі жерленгеннен кейін ғана рәсімделген.

 

-Қабірлердің арақашықтығы кемінде 50 сантиметр болуы керек. Бұл жерде - 58 сантиметр. Меніңше, ешқандай талап бұзылмаған. Бірақ, марқұмның туыстары заң бұзылды деп есептесе, оны сот арқылы дәлелдеуі керек. Яғни, жерлеуді жүргізген тұлғаларға қатысты сотқа жүгінуге болады, - дейді мердігер ұйым директоры Анатолий Конвишер.

 

Мердігер ұйым өкілінің сөзінше, зираттағы ардагерлер аллеясының заң жүзінде арнайы мәртебесі жоқ. Ал Ольга Богужа мамандардың жауабына қанағаттанбағанын және мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін прокуратураға жүгініп, қажет болса, сот арқылы өз талабын қорғауға ниетті екенін айтты.