Павлодарлықтар: «15 жыл бойы осындай тозығы жеткен аулада ойнайды»
Мұнда балалар бірнеше үйден келетіндіктен көптеп жиналады дейді тұрғындар. Алайда алаңның әрбір бұрышы бүлдіршіндерге қауіпті болғандықтан емін-еркін ойнай алмайды. Кейбіреулері сүрініп, жарақаттанып жатады дейді ата-аналар.
- Ойын алаңы 15 жыл бойы осындай бояуы түскен, сынған жағдайда. Ештеңе өзгермейді. Әткеншектер жиі сынады. Тұрғындар өз күшімен жөндейді. Үнемі осындай жағдайда, - дейді Қамзин көшесіндегі №163-үйдің тұрғыны Олеся Никитушкина.
Тұрғындардың айтуына шамалары келгенше өздері жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сырлай алады. Алайда жабынды қалпына келтіруге жағдайымыз жетпейді дейді. Бұл ретте әкімдіктегілер әлеуметтік желілерде аталған мекенжай биыл абаттандырылатын 100 ауланың тізіміне енгенін мәлімдеді. Қазіргі таңда мердігер ұйымды анықтау үшін конкурс өтуде. Бұдан соң қала аулаларын абаттандыру жұмыстары басталмақ.

