Павлодарлықтарға бас санитар жағажайда да әлеуметтік қашықтықты сақтауға кеңес берді
Жасыл аймаққа кіргенімізбен эпиджағдай нашарламас үшін барлық карантин шараларын қатаң ұстану керек деді бас санитарлық дәрігер. Өткен тәулікте 37 адамнан COVID – 19 анықталған. Бұл соңғы уақытта тіркелген ең төмен көрсеткіш.
- Біз Жасыл аймаққа өттік. Дегенмен де жаңа қаулы шығарып, карантин шараларын жеңілдету үшін жеті күн тосып, облыстағы эпиджағдайды бақылауымыз керек. Бұл ретте жеңілдіктер мектепке дейінгі мекемемелердегі бала санының ұлғаюы, діни нысандар мен қоғамдық тамақтану орындарындағы жұмыс мерзімінің ұзаруы және ондағы адам санына қатысты болуы мүмкін, - деді Павлодар облысының бас санитарлық дәрігері Батырбек Әлиев.
Сонымен қатар бас санитар осы айдың 15-нен шомылу маусымы басталатынын еске салды. Бұл ретте демалыс орындары мен жағажайларда көп адам жиналуға болмайды деді. Әлеуметтік арақашықтық пен бетперде тәртібі сақталуы керек. Жағажай жабдықтары да санитарлық тәртіпке сай орналасуы тиіс.

