Песчаное ауылының халқы өзеннің суын ішіп отыр
Ауа температурасы күрт төмендегеннен кейбір құдықтардан тіршілік нәрі ақпай қалды. Мәселен, бұл құрылғы екі ай бұрын істен шыққан. Салдарынан 10-ға жуық үй суды Ертіс өзенінен алуға мәжбүр.
- Мен бірнеше рет құлап үлгердім. Шелек көтеріп, мұндай көктайғақта суға бару үлкен сынақ. Бұл сұмдық жағдай деп айта аламын. Өзен аңғары биіктікте орналасқан, - деді Песчаное ауылының тұрғыны Александра Болатова.
Ертістен алынған суды қайнатып, пайдаланады. Тұрмыстық жағдай үшін әрбір аулада ұңғыма бар. Құдықтардың істен шыққанына қарамастан, адам басына 220 теңгеден есептеліп келеді екен.
- Екі ай бойы Ертістен су алып жүргенімізді жақсы біледі. Бірақ төлем жасауды талап етеді. Басшылыққа хабарласыңдар дейді. Ол болса, тұтқаны алмайды. Кейбір көршілер қар суын пайдаланады, - деді Песчаное ауылының тұрғыны Галина Лютер.
Коммуналшылардың айтуынша, су жүйесі терең орналаспаған. Сол себепті аяздың салдарынан апат орын алды. Олар судан ажыратылды. Ақау зардабын ауа райына байланысты жоя алмауда. Адамдарға бірнеше күннен кейін мәселе шешілетіні туралы айтты.
- Құдықтарды іске қосу үшін арнайы құрылғы жасаймыз. Ақау болған күні жөндеу жұмыстарын бастаған жағдайда, магистраль толықтай қатып қалуы мүмкін. Салдарынан 8 көше емес, ауыл толықтай тіршілік нәрінсіз қалушы еді, - деді коммуналдық кәсіпорын басшысы Асхат Зарипов.
Бұдан бөлек, адамдарға қайта есептеу жүргізіледі. Екі ай үшін төлемді талап етпейді. Жергілікті әкімдікте мәселе бар екенін растады.
- Песчаное ауылында кешенді мәселе бар. Мұнда су желісі мен құрылғыларының толықтай модернизациясын орындау қажет. Құрылыс бөлімі құжаттама әзірледі. Қазір мемлекеттік сараптамадан өтуде. Мақұлданған жағдайда құдықтар қажет болмайды, - Тереңкөл ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы Ринат Мадин.
Жоба құны - 1,5 миллиард теңге. Оны 2023-ші жылы жүзеге асыра бастайды. Жергілікті ТҮКШ бөлімінде, келесі қыста бұл мәселе қайталанбас үшін барлығын жасауға дайын екендерін айтты.

