Шала туған шақалақтың ата-анасы қан құюға қарсы болған

Бала бар болғаны 25 аптада 700 грамм салмақпен дүниеге келген. Ақ халаттылардың айтуынша жағдайы өте ауыр болыпты. Медициналық көрсеткіштер бойынша оған жедел түрде қан құю керек болған. Сол себепті дереу жансақтау бөліміне жеткізіледі. 

 

- Жансақтау бөлімінде аман алып қалу үшін барлық шараларды жасадық. Бастапқыда гемоглобині жақсы болған еді, алайда кейін ол төмендеп кетіп тез арада гемотрансфузия қажет болды. Ата-аналарымен сөйлескен кезде ол өзінің діни көзқарасына байланысты үзілді кесілді қан құюдан бас тартатынын айтты,- деді Павлодар облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Айман Оспанова.  

 

Анасы бас тартса да дәрігерлер қалай болғанда да қан құю қажет деген шешімге келген. Алайда үлгермеді. Қанды жеткізгенше шақалақтың жағдайы күрт нашарлап, кейін көз жұмған.

 

- Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында тарап жатқан дәрігерлер қан құймады, көмек көрсетпеді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бала туған кезде жағдайы өте ауыр болды, - деді Айман Оспанова.

 

Перзентханада бала өлімі бойынша тексеріс жүргізілгенін хабарлады. Дәрігерлер бұл ретте алгоритмге сай әрекет еткендерін айтады. Заң бойынша ата-аналардың бірі қан құюға қарсы болған жағдайда ақ халаттылар соған қарамастан адам өмірін сақтап қалуға міндетті, әрі үнемі солай жасайды.