Торайғыров-Бұқар Жырау көшелері қиылысында бағдаршам неге істемей тұр?
Бұл торап Торайғыров, Бұқар Жырау және Мир көшелерін біріктіреді. Екі күн бойы мұнда темір тұлпар иелері белгілерге назар аударудан қалды. Салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алады. Жаяулар да көшеден аса сақтықпен өтуге мәжбүр.
Коммуналшылар жол реттеуіштердің істен шығу себебін ауа райының қолайсыздығымен түсіндіруде. Жуырда Сәтпаев-Толстой қиылысында жаңбырдың салдарынан бағдаршамға баратын сымда қысқа тұйықталу орын алған екен.
- Ауа райының қолайсыздығына байланысты бағдаршамдар бойынша мәселе пайда болады. Себебі оларға баратын электр желілері тозған жағдайда. Торайғыров-Бұқар Жырау көшелерінің қиылысындағы бағдаршамды қазір коммуналшылар жөндеуде. Жұмыс күнінің соңына дейін іске қосуды жоспарлаймыз, - деді Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Әлібек Оразалин.
Айта кетсек, Павлодарда жалпы 130 бағдаршам нысаны бар. Биыл олардың күтіміне 40 миллион теңге бөлінді. Жауапты мердігер конкурстық шаралардан кейін анықталады.

