Затондағы ескі үй тұрғындары тағы бір қысты күтумен өткізбек
Павлодардың Затон ауданындағы ескі үйлердің тұрғындары қыс қарсаңында қиын жағдайға тап болды. Бектұров көшесіндегі кейбір үйлердің көмір сақтайтын қоймалары сүріліп кеткен деп хабарлайды irbistv.kz. Енді тұрғындар қысқа қажетті отынды қайда сақтарын білмей отыр. Ал жылдар бойы күткен ескі үйлерді сүріп, жаңа баспанаға көшу мәселесі тағы да кейінге шегерілді.
Бектұров көшесіндегі №352 үйдің тұрғындары әлі күнге дейін пеш жағып күнелтіп келеді. Алайда биыл қысқы отынды сақтайтын орын жоқ. Тұрғындар баспаналарының қазіргі жағдайын көрсеткенімен, камераға жүздерін түсіруге келіспеді. Затон ауданындағы ескі үйлерді сүріп, олардың орнына заманауи шағынаудан салу жоспарланған. Жобаны екі құрылыс компаниясы жүзеге асыруы тиіс. Тұрғындар бұл күнді бірнеше жылдан бері күтіп келеді. Биыл қоныс аударамыз деген үмітте болған. Алғашында жұмыстарды тамыз айында бастау жоспарланған. Кейін мерзім қыркүйекке, одан соң қарашаға шегерілген.
Бектұров көшесінің тұрғыны бұл уәденің ондаған жыл бойы айтылып келе жатқанын жеткізді.
-1972 жылы осы ауданға көшіп келген ата-анама да: “Бір жылдан, бір жарым жылдан кейін үйлерің сүріледі”, – деген екен. Биыл мен 64 жасқа толдым. Ақыры біздің де кезегіміз келді. Құрылыс жүргізетін мердігердің жұмысы ойдағыдай болып, биыл құрылысты бастап кетеді деп үміттенемін, – дейді ол.
Алайда әкімдік өкілдері үйлерді сүретін жаңа мерзімді атады. Қазіргі таңда құрылыс салушы инженерлік желілерді коммуналдық қызметтермен келісіп жатыр.
- Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін Бектұров көшесіндегі №352 және №354 үйлерді сүру 2027 жылдың бірінші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр. Ал көмір сақтайтын қоймалары сүрілген тұрғындарға уақытша қоймалар орнатылады, - дейді Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы МақпалҚаржаубай.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, оларды бір апта ішінде орналастыру көзделген.
Бүгінде Затон ауданында сүрілуі тиіс 20 ескі үйдің санаулы тұрғындары ғана қалған. Көпшілігі қауіпсіздік мәселесін ескеріп, басқа жерге көшіп кеткен. Ал қалған тұрғындар үшін бұл қыс та үлкен сынақ болғалы тұр.
