Зағип болса да биге деген құштарлықтары жоғары
Әрбір қимыл үйлесімді, әрі тиянақты. Бұл жүйелі түрде өткізілген жаттығулардағы үлкен еңбектің жемісі. Арулардың орындау шеберлігіне қарап, олардың өзге балалардан ерекше екендігін байқап айту мүмкін емес. Камила, Сабина, Әнел және Наташа көзі нашар көретін жандарға арналған №7 арнайы мектеп-интернатында білім алады. Оқудан тыс ермек, оларды бір жанұяға айналдырған. Төртеуі дәстүрлі ғана емес, заманауи биге де әуес.
- Тобымыздың құрылуы жайлы айтсақ, әр қыз 1-ші сыныпқа келгенде, осы топқа кірді. Содан 16 жылдай, бәлкім, осы топ бар. Заманауи би болғанда, Q-Pop ұнайды. Бәріміз қызығамыз, - деді «Big Family» би тобы.
Карантин кезінде қыздар көп уақыт бойы бір-бірін көре алмай, би дайындықтары да тоқтап қалған еді. Біздің камераларымызды көре сала бойжеткендер қобалжи бастады, бірақ келбеттерінде бұны байқатпады. Себебі өздеріне қоятын талап пен жауапкершілік жоғары.
- Қыздар бір-бірін керемет сезеді, арасындағы қарым-қатынастары берік. Сол себепті олармен жұмыс жасау өте жеңіл. Әрбір жаттығудан кейін мен нәтижелі жұмыс жасалғандығын байқап отырдым. Қыздар тапсырманы орындап, қуанып жатқанын көргенде, ішімде гүл құлпырып жатқандай боламын. Синхронды қимылдау, оңай емес, ал қыздар биді керемет орындайды. Үлкен еңбек жасады, - деді №7 арнайы мектеп-интернатының хореографы Жәмиля Кертаева.
Белгілі бір ойды, эмоцияны би тілімен жеткізу табиғи қасиетті, дарындылықты қажет етеді. Бұның барлығы қыздарда бар. Сол себепті бойжеткендерді қалалық салтанатты шараларға жиірек шақырса, қуаныштарында шек болмаушы еді дейді ұстаздар.

