• Басты бет
  • Қоғам
  • Жыл басынан павлодарлықтардан ағаш кесу бойынша 1,5 мың өтініш түскен

Жыл басынан павлодарлықтардан ағаш кесу бойынша 1,5 мың өтініш түскен

 

 

Бүгінде мердігер ұйымы олардың 70 пайызын орындаған. Жұмыс қараша айына дейін жалғасады деп хабарлады irbistv.kz. Алайда барлығы ауа райына байланысты.

 

Павлодарда ағаштарды кесумен үш бригада айналысады. Қаланың аумағы олардың арасында бөлінген. Өтініштер де әртүрлі болады. Бір жерде салбырап тұрған бұтақтарды кесу қажет болса, кейбір аулаларда ағаштарды түбінен кесуге тура келеді. Ал бұл – көп уақытты қажет ететін жұмыс.

 

-Ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары ақпан айында басталды және ауа райы жағдайын ескере отырып, қараша айына дейін жалғасады. Жұмыстар ағаштардың жағдайын жақсартуға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жасыл желектерді тиісті деңгейде ұстауға бағытталған. Бүгінде 1500-ден астам өтініш келіп түсті, оның 70 пайызы орындалды, -деп хабарлады Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Мақпал Қаржаубай.

 

Кесілгеннен кейін бұтақтар жиналып, қалалық полигонға шығарылады. Әкімдіктегілердің айтуынша, мердігер компания, әдетте, бұтақтарды сол күні немесе келесі күні жинап әкетеді. Сонымен қатар өтініштерді қабылдау жалғасуда. Оларды e-Otinish порталы арқылы немесе Кривенко көшесі, 25-үй, 516-кабинетке келіп беруге болады. Ал жағдай шұғыл болса, 109 қызметіне хабарласу қажет.