«Педагогтерді цифрлық ұрпақпен жұмыс істеуге дайындау»

Павлодар педагогикалық университетінде сәуір айының 12-ші жұлдызы бастау алған ғылым декадасы аясында білім алушыларға семинарлар, зияткерлік ойындар, конкурстар, ашық дәрістер, дөңгелек үстелдер, ЖОО ғалымдарымен кездесулер өткізілген еді. Онкүндік қорытындысы ретінде, бүгін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Жалпы декаданың, Қазақстандағы ғылым күнінен бастау алғандығы бекерден-бекер емес. Мұны Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Жанбол Жилбаев та атап өтті.

 

- Қаныш Сәтбаевтың туған күніне байланысты. Ұлы жерлесіміздің бүкіл өмірі Қазақстан ғалымдары үшін үлгі болып табылады. Қаныш Сәтбаев сіздер үшін де, оқуда, ғылымда бағдар болады деп сенемін, - деді «Павлодар педагогикалық университеті» КЕАҚ басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев.

 

 

Конференцияның атауы «Педагогтерді цифрлық ұрпақпен жұмыс істеуге дайындау» болғандықтан ұстаздар мен білім алушылар  жалпы және инклюзивті оқыту жүйесіндегі цифрлық перспективалар, түрлі ғылым пәндерін сандық жүйеде оқытудың заманауи мәселелері және цифрлық жас буынның мәдениетаралық байланысы тақырыптарын қозғайды. 

 

 

- Бүгінгі дәстүрлі түрде өтіп отырған студенттік конференция - Ғылым күндері онкүндігі аясында жоспарланған негізгі шаралардың бірі. Жылдағы студенттік конференциялардан ерекшелігі, биылғы конференция халықаралық деңгейде өтіп отыр. Еліміздің жетекші оқу орындарының студенттері, магистранттары мен докторанттары ғана емес, Түркия, Эстония, Тәжікстан, Өзбекстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарының білім алушылары бүгінгі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қызығушылық танытып, қатысуда, - деді Павлодар педагогикалық университетінің гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің вице-деканы Майгүл Оразханова.

 

Бұл конференция еліміздің ертеңі - болашағымыздың, жастардың санасында үлкен мақсаттар мен армандарға жетелейтін тың ойлар мен бірегей идеялардың тууына өз септігін тигізеді деген ойдамыз.