• Басты бет
  • Қоғам
  • «Ұлттық қор – балаларға»: Павлодарда 3 мыңға жуық жасөспірім жинағын пайдаланды

«Ұлттық қор – балаларға»: Павлодарда 3 мыңға жуық жасөспірім жинағын пайдаланды

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылғалы бері Павлодар облысында кәмелет жасына толған үш мыңға жуық тұрғын өз жинақтарын пайдаланып үлгерген деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Александр Мулик павлодардағы жоғары оқу орындарының бірінде журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан бірінші курс студенті. Білім алуға жұмсалатын шығынның бір бөлігін бірнеше жыл бойы «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында үш жыл ішінде оның есепшотына 370 доллар 56 цент, яғни шамамен 168 мың теңге жиналған.

 

-Мен бұл ақшаны қайда жұмсауға болатыны туралы көп ойлана қоймадым. Бірақ білім алуға пайдалануға болатынын білгенде бірден қуандым. Өйткені бұл ата-аналарға да, студенттердің өздеріне де жеңілдік береді. Қазір студенттерге оқуымен қатар қосымша жұмыс табу қиын,-дейді студент Александр Мулик.

 

Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50% Қазақстанның барлық кәмелетке толмаған азаматтары арасында тең бөлінеді. Қаражат жыл сайын есептеледі және тек АҚШ долларымен аударылады. Азамат 18 жасқа толғаннан кейін жинақталған қаражатты екі мақсатқа пайдалана алады: тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім ақысын төлеуге. Оның ішінде шетелде білім алуға да мүмкіндік бар. Ал ақшаны жай ғана қолма-қол шешіп алып, өз қалауынша жұмсауға болмайды.

 

-18 жасқа толған азамат өтініш береді. Ал қаражат аударылған кезде ол барлық растайтын құжаттарды қоса ұсынады. Қарапайым тілмен айтқанда, ақшаны қолма-қол ала алмайды. Қаражат банктік операция арқылы тікелей бір шоттан екінші шотқа аударылады,-деп жеткізді «БЖЗҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржамал Дүйсембаева.

 

Бүгінде Павлодар облысында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына 189 615 адам қатысып отыр. Ал өңірдегі 2 800-ге жуық тұрғын жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсаған. Тағы мыңға жуық адам білім алу ақысын төлеген.

 

-Егер жазатайым жағдай болып, бала 18 жасқа толмай қайтыс болса, Қазақстан Республикасының заңнамасына, мұрагерлікке қатысты заң талаптарына сәйкес оның заңды өкілдері мен қамқоршылары бізге жүгіне алады. Бұл қаражат мұрагерлік тәртіппен беріледі,-деп жеткізді «БЖЗҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржамал Дүйсембаева.

 

Ал бала 18 жасқа толғанға дейін Қазақстан азаматтығынан айырылса, жинақталған қаражатты пайдалану құқығынан айырылады. Бұл жағдайда оның есепшотындағы сома бағдарламаның басқа қатысушылары арасында қайта бөлінеді. Жас қазақстандықтар үшін бұл қаражат кәмелетке толғаннан кейінгі алғашқы қаржылық қолдауға айналып отыр.