Қараусыз жануарларға қатысты жаңа тәртіп енгізілді
Қыркүйек айынан бастап елімізде жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Осылайша, иесі жоқ болып танылған және қауіп төндіруі мүмкін иттерге эвтаназия жасау қарастырылмақ деп хабарлайды irbistv.kz. Алайда, әр өңірде бұл процедураны жүргізуге түрлі мерзім белгіленбек.
Қазақстанда 4 қыркүйектен қараусыз жануарларды аулау, уақытша ұстау және эвтаназия жасауға қатысты жаңартылған талаптар қолданыла бастады. Жаңа ережеде «шұғыл ден қою шаралары» ұғымы енгізілді. Егер жануар адамға, басқа жануарларға, қоғамдық тәртіпке немесе мүлікке қауіп төндірсе, жергілікті атқарушы органдар тиісті шара қолдана алады. Әрбір өңірде шешімді жергілікті мәслихаттар қабылдайды.
-Қағида бекітілді, заңға өзгеріс енгізілді. Мәслихаттар қанша күн ұстауды анықтайды. Біз өз тарапымыздан 5 күн деп бердік. Аулау қызметі иесін іздеуге, хабар беруге жұмыс жасау керек. Еріктілер, басқа ешкім қарамағына алмаса осы иттер ұйықтатылады 5 күннен асқаннан кейін, - деп хабарлады Павлодар облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Бейсенов.
Қараусыз ит пен мысыққа пана табу да үлкен мәселе, қалада жаңа ғимарат құрылысы да жалғасып жатыр. Бұл ретте, павлодарлық зооволонтерлар жаңа талапқа қатысты пікірлерін білдірді.
-Өз басым, жануарларды 5 күннен ұйықтатуға қатысты тәртіпті енгізуді дұрыс деп есептемеймін. Себебі ит пен мысықты арнайы мекемеге орналастыру механизмі әлі толық реттелмеген. Қолға түскен жануарлардың басым бөлігі иелері бар, бірақ есепте тұрған жоқ. Волонтерлар үшін бұл қайғылы жаңашылдық, - дейді үйсіз жануарларды қорғау қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, волонтер Александра Старина.
Осылайша, ауланған жануарда чип, яғни, есепке алу құралы бар-жоғы және жануарлар базасында иесі туралы ақпараттың болуы тексеріледі. Бұл ретте, қаңғыбас мысықтарды тек олардың санын реттеу мақсатында эвтаназиялауға тыйым салынады. Ал иттерге қатысты мұндай шара заңда көзделген жекелеген жағдайларда қолданылуы мүмкін.
