Қазақстанда емханаға тіркелу тәртібі өзгерді: енді 1 қыркүйекті күтудің қажеті жоқ
Қазақстанда емханаға тіркелу бойынша жыл сайын 1 қыркүйекте басталатын науқан тоқтатылды. Енді азаматтар дәрігер мен медициналық ұйымды нақты белгіленген мерзімді күтпей-ақ таңдай алады деп хабарлайды irbistv.kz. Емханаға тіркелу қызметі тегін көрсетіледі.
Бұған дейін қазақстандықтар дәрігер мен емхананы таңдау құқығын негізінен 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында өтетін тіркеу науқаны кезінде пайдаланатын. Қазір бұл тәртіп өзгерді — емханаға тіркелудің нақты белгіленген мерзімі жоқ.
-Емханаға бұрынғыдай екі жолмен тіркелуге болады: eGov порталы арқылы онлайн немесе медициналық ұйымға жеке барып өтініш беру арқылы. Тіркелу нәтижесі туралы ақпаратты келесі жұмыс күні алуға тиіссіз. Хабарламада тіркелудің сәтті аяқталғаны немесе бас тарту себебі көрсетіледі , — дейді Павлодар қаласы бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету саласындағы штаттан тыс маман Айгүл Хасан.
Азамат кез келген медициналық ұйымға — мемлекеттік немесе жекеменшік емханаға — жылына бір рет тіркеле алады. Алайда таңдалған медициналық ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметтерін ұсыну бойынша МӘМС жүйесімен келісімшарт жасаған болуы қажет. Бұған қоса, азаматтың бұрынғы емханадан шығуы ол өз еркімен басқа медициналық ұйымға ауысқан жағдайда ғана автоматты түрде жүзеге асырылады.
-Егер азамат нақты бір дәрігердің бақылауында болғысы келсе, бұл мәселені медициналық ұйымның әкімшілігімен талқылауға болады. Мұндағы басты шарт — дәрігер учаскесінде бос орынның болуы. Бұл ақпаратты тікелей емханадан анықтауға болады», — деп түсіндірді маман.
Ең маңызды талаптардың бірі — таңдалған медициналық ұйым азаматтың нақты тұратын ауданына сәйкес келуі керек. Бұл тұрғындарға медициналық көмектің аумақтық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қажет. Мәселен, емхана тұрғылықты жерден алыс орналасқан жағдайда үйге дәрігер шақыру секілді кейбір медициналық қызметтерді алу кезінде қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан мамандар жүкті әйелдер мен 17 жасқа дейінгі балаларды қоса алғанда, азаматтарға нақты тұратын жері бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелуді ұсынады.
