Құбырдың жарамдылық мерзімі біткен

Естеріңізге сала кетейін,Ткачев көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындары ауладағы желінің жыл басталысымен сыр бере бастағанын, және жөндеулерден мезі болғандарын айтып шағымданған еді. Демалыста мүлдем сусыз қалса, жұмыс күндері тіршілік нәрін кез келген уақытта өшіріп тастайды дейді. Бұл ретте, жауапты мекеме өкілдері тозығы жеткен темір құбырды әлдеқайда шыдамды, төмен қысымды полиэтиленге ауыстырамыз деді.

 

- Диаметрі 200 мм болатын спиральдік үлгідегі су құбыры 1990 жылы орнатылған. Олар тек 20 жылға дейін жарамды. Көптеген ақауларға байланысты ол аумаққа күрделі жөндеу жасалады. Диаметрі 225 мм болатын құбыр салынады.  Оның жарамдылық мерзімі көбірек.  Қазіргі таңда аталмыш мекенжайлар ауыз сумен қамтылған, - дейді «Павлодар-Водоканал» ЖШС өндірістік техникалық бөлімінің бастығы Дмитрий Башкиров.

 

Жоспардан тыс күрделі жөндеу 1 айдың көлемінде жүргізілмек. Жұмыстың жалпы аумағы 250 метр. Жер жұмыстарын келісу аяқталған бетте іске кірісеміз дейді. Мамандар су бойынша қандай да бір шұғыл жағдай туындаса, алдын ала хабар беретіндерін де мәлімдеді.