Үй жануарларын чиптеу міндет

Павлодар облысында ит пен мысық ұстайтындар көп, алайды қожайындары оларды чиптеуге асықпайды. Осы күні таңбалау жүйесінде тіркелгендері тек 5 мыңнан асады деп хабарлайды irbistv.kz.

Алайда, 28 тамыздан бастап бұл талап барлығына міндет болып танылды, ал ресми тіркелуден өтпеген жануар иесіне 86 мың теңгеден астап айыппұл төлеуге тура келеді.

 

Қазақстанда ит пен мысықты чиптеу экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен 28 тамыздан бастап күшіне енді. Бұл бастама елімізде 3 жыл бұрын қолға алынып, енді үйде ұстайтын жануарын тіркемегендерге әкімшілік шара қолданылады.

 

-Бұрын есепке алған кезде, болюс, жетондар қабылданатын еді. Қазір тек чиптеу ғана міндет. Облысты «Таңба» ақпараттық жүйесі қосылған. 5574 жануар тіркелген, 3614 ит және 1960 мысық, - деп хабарлады Павлодар облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Бейсенов.

 

Өңірде қаңғыбас ит пен мысық саны жылдан жылға артып келеді. Сондықтан бұл мәселені шешудегі кешенді жұмыстың бірі аталмыш чиптеуді міндеттеу болмақ. Жаңа талап халықтың қауіпсіздігін арттыруға, жануарлардың азаматтарға шабуыл жасау жағдайларын азайтуға да мүмкіндік береді. Ветеринария мамандары ауылдарда да бұл талапқа көңіл бөлінетіндігін атап өтті.

 

-Ауылдық аумақтарда айыппұл салуға учаскелік инспектор құзыреті бар, әкімшіліктің де құзыреті бар. Қалаға чиптеуге келіп қажет емес. Ауылдық ветеринарлық дәрігерлерде де ақылы түрде бұл қызмет ұсынылады, Халықтың осал топтарына тегін істеп береміз,- дейді маман.

 

Ал егер үй жануары чиптеуден өткізілмегені анықталып жатса, оған 20 АЕК, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Ешқандай ескерту болмайды.

 

Фото: Freepik.com