Өңірімізде балықтарды құтқару шаралары атқарылуда
Ол үшін әр 100 метрге 20-дан астам қуыс ойылады. Тек қажетті орындар таңдалған. Әдетте мұз бен жер аралығында тек 40-50 сантиметр кеңістік бар. Суатта мөңке, тұқы, шортан және алабұға балықтары мекендейді. Дер кезінде аэрация жасалмаса, балықтарға оттегі жетпей қырылып қалады.
- Күн сайын мониторингілік жұмыстар жүргізіледі. Қажет болған жағдайда бұрғылау жасалынады. Бүгінгі таңда қала аумағындағы бірнеше суатты бұрғылауымыз керек. Аталмыш жұмыстарға қаражат бөлінбейді, - деді Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы бөлімінің басшысы Жасұлан Жұмашев.
Облыс көлемінде тағы 400-дей тоқтам суға бұрғы салынуы керек екен, алайда оның тек 60-сы ғана өңделген. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдарға қоғамшылдар мен еріктілер көмекке келді. Кей аумақтарды табиғатты пайдалаушылар бақылайды.
- Бүгінгі таңда алты балық шаруашылығының өкілдері қажетті жұмыстарды жасады. Шара наурыздың соңына дейін қадағаланады, - деді Павлодар облысы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Василий Павлов.
Балықтарды құтқару шарасы қаңтар, ақпан айларында басталады. Ұңғымалардан бөлек мотопомпалардың көмегімен су жіберу әдісі де кеңінен қолданылатынан айта кеткен жөн.

