Аққулы ауданында елік аулаған браконьерлерге қатысты сот үкімі шықты
Қаскөйлер алысқа ұзамапты. Инспекция мамандары браконьерлер тамақ әзірлеп жатқанда үстінен түскен. Оқиға Черное ауылы маңындағы суаттардың бірінде болыпты. Ұсталған 4 азамат - шаһар тұрғындары. Олардың тек біреуі ғана - аңшы. Қалғанында арнайы рұқсат жоқ.
- Сот ісі жақында аяқталды. 4 браконьердің бірі барлық кінәні өз мойнына алды. Оған 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы кесілді. Жалпы сомасы - 2 187 750 тенге айыппұл төленді, - деді Павлодар облысы орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов.
Сонымен қатар, қару-жарақ тәркіленді. Жазасын өтеуші енді 5 жыл бойы аңшылық жасай алмайды. Айту керек, су қоймасында аң аулауға тыйым салынған.

