Екібастұзда сотталушы түзеу мекемесіне екі ұялы телефон алып өтпек болған
Екібастұз қаласындағы №47 ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде сотталушы абақты аумағына екі ұялы телефонды жасырын алып өтпек болған. Тыйым салынған заттарды қызметкерлер тексеру кезінде анықтаған деп хабарлайды irbistv.kz.
Мобильді телефон өткізу әрекеті сәтсіз аяқталды. Екібастұз қаласындағы №47 мекемеде жұмыстан оралған сотталушыны тексеру барысында қызметкерлер оның сөмкесінің қалтасынан екі ұялы телефон тапқан. Екі құрылғы да жұмыс істеп тұрған және ішінде SIM-карталары болған.
Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, тыйым салынған заттардың анықталған сәті мекемедегі бейнебақылау камералары мен қызметкерлердің кеуде бейнетіркегіштеріне жазылып қалған. Сондай-ақ бұл сотталған азамат бұған дейін профилактикалық есепте тұрмаған.
– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сотталған азамат тәртіптік изоляторға қамалды. Құқық бұзушылықтың барлық мән-жайын және ұялы телефондардың мекемеге қалай жеткізілгенін анықтау мақсатында қызметтік тексеру басталды, – деп хабарлады Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде.
