Павлодар облысы шекарасында жүк көлігінің жүргізушісі жалған құжат көрсеткен
Көлік құралын тіркеу туралы жалған куәлікті ол әлеуметтік желі арқылы сатып алған. Нәтижесінде Өзбекстан азаматы сот алдында жауап берді, деп хабарлайды irbistv.kz.
Іс материалдары бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі Өзбекстаннан Ресей Федерациясына Қазақстан аумағы арқылы транзитпен бара жатқан. Бұл ретте оның тіркемеге арналған тіркеу куәлігі болмаған. Ер адам дубликат алудың орнына мессенджер арқылы жалған құжат сатып алған. Ол «Қосақ-автомобиль» өткізу пунктінде шекаралық бақылаудан өту кезінде шекара қызметінің қызметкерлеріне осы «жалған құжатты» ұсынып, пайдаланбақ болған. Алайда бұл факт әшкереленіп, жүргізушіге қатысты көрінеу жалған құжатты пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
– Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының шын жүректен өкінгенін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен сотталушы ҚК 385-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде — 43 250 теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды, – деп хабарлады Успен аудандық соты.
Көлік құралын тіркеу туралы жалған куәлікті жоюға жіберілді. Үкім заңды күшіне енді.
