• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Павлодар облысында ауыл тұрғыны саусағының бір бөлігін тістеп алған жігітті кешірді

Павлодар облысында ауыл тұрғыны саусағының бір бөлігін тістеп алған жігітті кешірді

Павлодар облысында 23 жастағы жігіт ер адам мен әйел арасындағы жанжалға араласып, соңы төбелеске ұласып, қарсыласының саусағының бір бөлігін тістеп алған, деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

Сот қаулысында көрсетілгендей, оқиға 2026 жылғы 8 наурызда болған. 23 жастағы жігіт Луганск ауылында таныс қызбен бірге ішімдік ішкен. Дастарқан басында қыз Розовка ауылындағы танысына қоңырау шалып, араларындағы мәселені талқылай бастаған. Әңгіме жанжалға ұласып, қыз такси шақырып, Розовка ауылына барған. Онымен бірге дастарқанда отырған жігіт те соңынан ерген.

Розовка ауылына келген бойда қыз танысымен сөзге келіп, араларында дау туындаған. Жағдайдың ушығып бара жатқанын байқаған 23 жастағы жігіт жанжалды тоқтатуға тырысқан. Алайда осы сәтте Розовка ауылының тұрғыны оны бетінен ұрып, соңы төбелеске ұласқан.

– Жәбірленушінің денсаулығына орташа ауыр зиян келтіруді қасақана көздеп, оның оң қолының үшінші саусағын тістеп, нәтижесінде үшінші саусақтың дистальды фалангасының жарақат салдарынан ампутациялануына әкеп соқтырған. Бұл денсаулыққа орташа ауыр зиян ретінде бағаланды. Сондай-ақ жәбірленушінің беті, кеуде тұсы және сол жақ қолында денсаулыққа зиян келтірмейтін сыдырылған жара мен қанталау анықталды, – делінген Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының қаулысында.

Қылмыстық іс денсаулыққа қасақана орташа ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қаралды. Алайда сот 23 жастағы жігітті жәбірленушімен татуласуына және келтірілген зиянның өтелуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатты.