Павлодар облысында күмәнді қосымша табыс бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына әкелді
Павлодар облысының тұрғыны өзгенің ақшасын аудару арқылы табыс таппақ болған. Енді оған барларға баруға және тұрғылықты жерін өзгертуге тыйым салынды, деп хабарлайды irbistv.kz.
Қыз әлеуметтік желілерден оңай табыс табу туралы ұсыныс тапқан. Оған клиент іздеудің немесе тауар сатудың қажеті болмаған. Тек өз банк шотына түскен ақшаны басқа адамдарға аударып отырған.
- Қыз бұл қызметі үшін 300 мың теңгеден астам табыс тапқан. Алайда оңай олжа қылмыстық жауапкершілікке әкелді, - деп хабарлады Павлодар облысы ҚАЖ департаментінде.
Сот шешімімен оған бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Қазіргі уақытта ол Май ауданының пробация қызметінде есепте тұр.
