Павлодар облысында жалған нөмірмен жүрген 10 жүргізуші анықталды
Жалған мемлекеттік нөмірлер тек автокөліктерден ғана емес, мотоциклден де анықталды. Барлық құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды, деп хабарлайды irbistv.kz.
Екібастұз қаласында Астана көшесінде полиция қызметкерлері ВАЗ 21150 автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің көлікке жалған мемлекеттік нөмір орнатқаны анықталды. Осыған ұқсас жағдай Солнечный кентінде де тіркелді. Онда Kulager маркалы мотоцикл жалған нөмірмен жүрген. Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше,
- 3 күндік тексеру барысында 500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Олардың ішінде 146 жүргізуші көлікті оқылмайтын мемлекеттік нөмірмен басқарған, 12 жағдайда көлік мемлекеттік нөмірсіз немесе оны пайдалануға тыйым салынғаннан кейін басқарылған, 10 жүргізуші көлікті жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен басқарған, сондай-ақ жол қозғалысы ережелеріне қатысты басқа да заң бұзушылықтар анықталды. Әрбір анықталған құқық бұзушылық бойынша жүргізушілерге қатысты әкімшілік шаралар қабылданды, - деп хабарлады Павлодар облысы ПД.
Полицейлердің мәліметінше, жүргізушілер жалған мемлекеттік нөмірлерді көбіне ақылы автомобиль жолдарындағы жол жүру ақысын төлемеу үшін пайдаланады. Сонымен қатар жалған нөмірлер жылдамдықты кедергісіз арттыру немесе жүк көліктерінің салмағын салмақтық-габариттік бақылаудан жасыру мақсатында қолданылуы мүмкін. Рейд барысында барлығы 52 көлік арнайы айып тұрағына жеткізілді.
