• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Павлодар облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмыс тәртібі өзгерді

Павлодар облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмыс тәртібі өзгерді

Шақыртуларды жеделдік санаттары бойынша бөлуге, бейнежетондарды пайдалануға және бригадалардың орналасқан жерін бақылауға қатысты жаңашылдықтар 13 қазаннан күшіне енді деп хабарлайды irbistv.kz. Негізгі өзгерістердің бірі жеделдіктің төртінші санатындағы шақыртулар енді шұғыл жағдайларға жатқызылады.

 

Бірінші өзгеріс – ережелерден «төртінші санаттағы шұғылдық шақыруы» деген ұғым толығымен алынып тасталады. Алаңдауға негіз жоқ, көмек көрсетіледі. Тек енді бұл «шұғыл жағдай» деп аталады. Бұл созылмалы ауру асқынған немесе дене қызуы көтерілген, бірақ дәл қазір өмірге тікелей қауіп төнбейтін жағдайлар. Мұнда ең көбі 60 минут ішінде қызмет көрсетілуі тиіс.

 

-Күндізгі уақытта «103» диспетчерлік қызметіне түскен мұндай шақыртулар автоматты түрде емханалардың мобильді бригадаларына қайта бағытталады. Мобильді бригадалар созылмалы және жедел аурулары бар науқастардың жағдайын бақылап, әрі қарайғы емдеу тактикасын анықтайды. Бұл жедел жәрдемнің жұмысын тиімді ұйымдастырып, шұғыл көмекке мұқтаж науқастарға басымдық беруге мүмкіндік береді, - дейді Павлодар облыстық жедел медициналық көмек станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.

 

Жедел жәрдем бригадалары бірінші, екінші және үшінші санаттағы шақыртуларға қызмет көрсетуді жалғастырады. Диспетчердің шақыртуды өңдеу уақытын қоса есептегенде, бригада 10 минут ішінде жетуі тиіс. Сонымен қатар жедел жәрдем көліктерінің орналасқан жерін 2ГИС және «Яндекс» арқылы бақылау мүмкіндігі енгізілуде. Бұл жүйе әзірге кейбір өңірлерде пилоттық режимде жұмыс істейді. Сондай-ақ медицина қызметкерлері бейнежетондарды пайдаланады.

 

- Павлодар облысындағы тәулік бойы жұмыс істейтін жедел жәрдемнің 70 бригадасының барлығы бейжетонмен жабдықталған. Бейнежазба науқасқа келген сәттен бастап, медициналық көмек аяқталғанға дейін, ал науқас ауруханаға жеткізілсе, оны медицина қызметкерлеріне тапсырғанға дейін жалғасады, - дейді Павлодар облыстық жедел медициналық көмек станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.

 

Бейжетондар медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және даулы жағдайларды тексеру үшін қажет. Бейнежазбалар серверде екі ай сақталады, оларға тек уәкілетті қызметкерлер қол жеткізе алады. Қажет болған жағдайда жазбалар сотқа, тергеу органдарына немесе науқастың ресми өтініші бойынша берілуі мүмкін.