Павлодар облысында құны 1 млрд теңге болатын ет комбинаты ашылмауы мүмкін еді
Инженерлік желілерді тартуға қажетті қаржының уақытында бөлінбеуіне байланысты Павлодар облысында ет комбинатын іске қосу мәселесі пайда болды. Оны шешуге облыстық прокуратура араласты, деп хабарлайды irbistv.kz.
Кәсіпорын Ертіс ауданында салынып жатыр. Алайда құрылысты аяқтап, нысанды іске қосу үшін инженерлік коммуникацияларды жүргізу қажет болған. Бұл жұмыстарға қажетті қаражат уақытында бөлінбеген. Павлодар облысының прокуратурасы араласқаннан кейін облыстық бюджеттен қажетті инфрақұрылымды салуға шамамен 100 миллион теңге бөлінді.
- Қазіргі уақытта нысанда инженерлік коммуникацияларды тарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жұмыстарды биыл қараша айында аяқтау жоспарланған. Ал жол картасына сәйкес, ет комбинаты желтоқсан айында толық пайдалануға берілуі тиіс, - деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Жаңа кәсіпорын ауданда ет өңдеу саласын дамытуға, жергілікті өндірістің әлеуетін арттыруға және қосымша мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді деп күтілуде.
